Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы Аккредиттеу Еуразиялық Орталығында (АЕО) қайта аккредиттеу рәсімінен өтуде. Халықаралық сарапшылар комиссиясын медицина ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ішкі аурулар кафедрасының профессоры, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас гепатологы Е.А. Славко басқарды.
Комиссия құрамына академиялық қоғамдастықтың, білім алушылардың және жұмыс берушілердің атынан Қазақстандық сарапшылар, сондай-ақ халықаралық сарапшы Г.А. Ибадова кірді. Г.А. Ибадова — медицина ғылымдарының докторы, профессор, Медициналық қызметкерлердің кәсіби біліктілігін дамыту орталығының балалар жасындағы инфекциялық және паразиттік аурулар кафедрасының меңгерушісі, Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бас штаттан тыс инфекционисі.
Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы денсаулық сақтау мамандарына, фармацевтерге және провизорларға арналған бейресми білім беру бағдарламалары бойынша оқыту жүргізеді. Сарапшылар комиссиясы Орталықтың білім беру қызметіне бағалау жүргізіп, белгіленген мақсаттарға қол жеткізу және 2021 жылғы сыртқы сарапшылар комиссиясының ұсынымдарын іске асыру бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижелерін атап өтті.






